«Жусан» операциясы: Сирияға кеткендерді елге қайтарудың не қажеті бар?

Қазақстандықтар Сирия мен Ираққа неге кетіп жатыр


28/05/2021
13:23 10749 0

2018 жылы Қазақстанда Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылғы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Соның барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қазақстандықтарды Сирия мен Ирактан қайтару бойынша бірнеше операция өткізді.

 

Бұл азаматтар онда қалай және неге барған? Оларды неліктен қайтару керек болды? Олардың қазіргі жағдайы қандай?

 

Орталық Азиядағы контртерроризм жөніндегі сарапшы, Лондон Король коллежінің түлегі Анна Гусаровамен бірге «Жусан» операциясы туралы сұрақтарға жауап береміз. 

 

«Жусан» операциясы деген не? Неліктен солай аталады?

 

«Жусан» — Қазақстан азаматтарын Сириядан қайтаратын арнайы операция. Оған дайындық 2018 жылғы мамыр-маусымда басталып, алғашқы операция 2019 жылғы 6 қаңтарда өтті.

 

Қазақта дала жусаны — Отан, еске алу мен уақыттың символы. Сондықтан Отанға оралу операциясы «Жусан» деп аталады.

 

Азаматтарымыз Сирия мен Иракқа неге барған?

 

Ислам мемлекетіне қосылу үшін. ИЛИМ не ИМ — Қазақстанда тыйым салынған террорист ұйым. 2013–2015 жылдары көптеген азамат сонда кеткен.

 

Адамдардың ИЛИМ-ге мүше болуына бірнеше себеп бар: діни сауатының төмендігі, террорист ұйымдардың ықпалы, жағдайы жоғы, психологиялық факторлар мен жұмыссыздық.

 

Ол жаққа ерлер ғана емес, олардың жұбайы мен балалары не отбасын құрам деген әйелдер де кетті. 

 

Олардың көбі — араб тілін білмейтін, Таяу Шығыспен мәдени немесе тарихи байланысы жоқ, осы аймақтағы қақтығыстардың жай-жапсарына бармаған адамдар. 

 

— Әлсіз әрі жемқор үкімет, әлеуметтегі әділетсіздік, заң үстемдігінің болмауы, медреседегі мен діни білімнің төмен деңгейі, жұмыссыздық пен сауатсыздық, қырын қабақ мигранттар ортасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, кедейлік және гендерлік теңсіздік — радикалдануға себеп болатын ең басты факторлар, — дейді Анна Гусарова.



Сирия мен Иракқа барғандарға не болды?

 

Тұтқынға түсті. 

 

Ислам мемлекеті 2019 жылы құлады. 2017 жылы Ирак ИЛИМ-нен толықтай құтылды. 2019 жылғы 28 ақпанда Сирия демократиялық күштері (СДК) АҚШ қолдауымен Сириядағы ИЛИМ-ге тиесілі аумақтың 100%-ын бақылауға алды.

 

ИЛИМ жеңіліп, оның екі астанасы — Мосул мен Раққа құлағаннан кейін Ислам мемлекетіне мүше болғандар мен олардың туыстары тұтқынға түсе бастады. Қарулы қақтығысқа қатысқандар түрмеге, ал олардың отбасы босқындарға арналған арнайы лагерлерге жөнелтілді. Олар сол жерден Отанына қайтарылды. Лагерлер Сирия мен Ирак аумағында орналасқан, сонда әлі тұрып жатқан адамдар бар.

 

Неге мемлекет оларды елге әкеле бастады?

 

2018 жылғы қарашада Брюсселде баспасөз конференциясы өтті. Онда Сирияның солтүстік-шығысындағы күрд әкімшілігі мемлекеттерден азаматтарын лагерден алуды сұрады. Өйткені онда халық саны артып бара жатқан еді. 

 

Сирия босқындарды асырай алмады. Медициналық көмек былай тұрсын, адамдарға ас-су жетіспеді.

 

Қазақстан алғашқылардың бірі болып азаматтарын елге қайтара бастады.

 

Бұл лагерлердегі босқындардың жай-күйі қандай?

 

Сириядағы «Әл-холда» босқындар саны 62 мыңнан асады, олардың 80 %-дан астамы — әйелдер мен балалар. Бастапқыда лагерь 11 мың адамға салынған екен. 

 

62 мыңның тоғыз мыңы — 60 елден келген азаматтар. Онда тиісті медициналық көмек берілмейді, адамдар шатырда тұрып жатыр, хуманитар көмек сирек келеді, көптеген бала ауырып, өліп жатыр. 

 

— «Әл-холдағы» балалар қақтығыс салдарынан зардап шеккен 18-ге толмағандар сияқты қорғауға және көмек алуға құқылы, — деді ЮНИСЕФ басшысы Хенриетта Фор.

 

Қазақстан оларды қайтару үшін қанша операция жүргізді?

 

Сириядан азаматтарды қайтару бойынша бес «Жусан» операциясы, Ирактан алып келу үшін бір «Русафа» операциясы жүргізілді.

 

          • «Жусан-1» — 6 қаңтар 2019
          • «Жусан-2» — 7–9 мамыр 2019
          • «Жусан-3» — 28–31 мамыр 2019
          • «Жусан-4» — нақты күні белгісіз, маусым 2019
          • «Жусан-5» — 4 ақпан 2021
          • «Русафа» — 27 қараша 2019

 

Қазақстанға қанша адам оралды?

 

Ақпарат әр жерде әртүрлі. 

 

ҰҚК мәліметінше «Жусан» барысында 600 адам, оның ішінде 413 бала (34-і жетім) эвакуацияланған. 

 

Ерлан Қариннің «"Жусан” операциясы» кітабында 613 адам, оның ішінде 33 Ислам мемлекеті мүшесі, 160 әйел және 420 бала құтқарылған делінген. Алайда кітап 2021 жылдың 4 ақпанда өткен «Жусан-5» операциясына дейін жарық көрген еді. Бесінші операция кезінде 12 адам елге қайтқан. 

 

Бірақ автор арнайы қызметтер ешкімге айтпай тағы бір операция өткізген дейді. Оның айтуынша операция 2019 жылдың 7 қыркүйегінде өткен, оның барысында төрт әйел мен 14 бала эвакуацияланған. 

 

«Русафаның» арқасында Ирактан 14 бала елге оралды.

 

Елге қайтқандардың реабилитациясы қалай өтіп жатыр? 

 

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронков халықаралық терроризмге қарсы күрес туралы: 

 

— Қылмыс жасамаған, бірақ Ирак пен Сириядағы содырларға ерген адамдардың қалыпты өмірге оралуына көмектескен маңызды. Бұл өте ауыр және шешілуі қиын мәселе, әсіресе әйел мен балаға келгенде. Олардың көпшілігі, әрине, кінәсіз, бірақ кейбірі қанды қылмыстарға қатысқан болуы мүмкін.

 

Қазақстанда эвакуацияланғандарға «Шанс» және «Ақниет» оңалту орталықтарының теолог-исламтанушы, психолог, әлеуметтанушы, заңгер, дәрігер мен педагог мамандары жәрдем береді.

 

«Ақниет» — діни радикализмге қарсы тұру және оның алдын алу, радикал ағымдар мен топтардың адамдарын оңалту үшін құрылған үкіметтік емес ұйым. Одан бөлек, жұмыс тапсын деп әйелдерге түрлі мамандық курсын өткізеді. Мысалы, 2016–2017 жылдары Жезқазғанда тігін цехы іске қосылып, онда зардап шеккен 27 әйел тігін шеберлігін тегін оқыды. 

 

«Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеумет, психология, құқық жағынан қолдау орталығында заңгер кеңсесі мен отбасылар тұрып, медициналық және әлеуметтік көмек ала алатын балалар қонақүйі бар.

 

Қазір елге қайтқан барлық әйел мен бала құжаттарын алды. Балалар мектеп пен балабақшаға барады. 

 

Басқа елдер де біз сияқты азаматтарын қайтарып алып жатыр ма? 

 

Бұл тақырып көптеген пікірталас туғызды. Балаларды қайтарып алу олардың ата-анасын қайтару секілді үлкен мәселе емес. Мемлекеттер мұндай адамдар терроризм мен экстремизмнің өршуіне ықпал етеді деп қорқады.

 

Еуропа елдерінің көпшілігі бұрынғы содырлар мен олардың әйелдеріне елге кіруге тыйым салуды, консулдық көмек алу құқығынан айыруды ұсынады, азаматтығынан айыруы да ғажап емес. 

 

Ал балаларды елге шағын топтап қайтарып алып жатыр. Жалпы, азаматтарды елге алып келу механизмі әлі де толықтай реттелмеген. 

 

— Лондондағы Киңс коллежінде радикализация орталығының зерттеушілері мен сарапшыларымен осы мәселені талқылаған кезде көбі таңғалып, «Бұл адамдарды қалай қайтарып алуға болады? Бұл шешім қаншалықты ақылға сияды?» деп сұрақ қойды. Біреу мұндай операцияны өзіне қол салуға теңесе, басқалары бұл туралы көбірек білгісі келетінін айтты, — дейді Анна Гусарова.

 

Мысалы, 2019 жылы Швеция жеті азаматын жазда қайтарып алған. 2019 жылдың маусымында Бельгияға жеті бала оралды. Францияда ислам радикализміне қарсы күрес бойынша жаңа бағдарлама іске қосылды, үкімет балалар мен жасөспірімдерді психология жағынан қолдауға аса назар аударады. АҚШ 27 адамды эвакуациялады. Уашиңтон азаматтарын қайтармай отырған елдерді сынға алған еді. 

 

Ресей мен Өзбекстан да азаматтарын елге әкеліп жатыр. 

 

— Сирияның солтүстік-шығыс аудандарынан жүздеген баланы репатриациялаған бірнеше мемлекеттің, әсіресе Қазақстан, Ресей Федерациясы мен Өзбекстанның көрсеткен күш-жігері мақтауға тұрарлық, — деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронков. — Бірнеше ел, әсіресе Еуропа елдері, аз болса да өз азаматтарын қайтарып алды. Олар осы мәселені шешуге одан әрі атсалысады деп сенемін.  

 

«Жусанға» қанша ақша жұмсалды?

 

Нақты қанша жұмсалғаны белгісіз. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылғы мемлекеттік бағдарламаға бюджеттен 270 миллиард теңге жұмсалады делінген. Биылғы сәуірде оған өзгеріс енгізіліп, қазір бұл сома 169 миллиард теңге болды. 

 

«Жусан» операциясын өткізудің не қажеті бар?

 

Мемлекеттік бағдарламаның діттегені — «адам, қоғам мен мемлекетті діни экстремизмнің зорлық-зомбылығы мен терроризмнен қорғау». 

 

Десе де, эвакуацияланған адамдар қоғамға қауіпті болады деген сұрақ әлі де бар. Оған нақты жауап жоқ та. Бірақ мемлекет бұл адамдар үшін жауапты, олардың құқығын қорғауға міндетті. 

 

— Қазақстан өз азаматтарын алғашқылардың бірі болып қайтарып алды. Бұл халықаралық аренада өзін көрсетуге арналған «кезекті іс-шара» емес екеніне сенгім келеді. Шаруа маңызды, күрделі әрі бейәлеуметтік, оған көп адам араласты, қазір де жұмысын жалғастырып жатыр, — дейді Анна Гусарова. 

 

Қазір жағдай қандай, азаматтар ИЛИМ-ге әлі қосылып жатыр ма?

 

Қазір Ислам мемлекеті деген ұйым жоқ. Шиеленіс шынымен де шешілді. Содырлардың көбі өлім жазасына кесілді, қалғандары түрмеде отыр, ал олардың жақындары лагерде тұрады.

 

Алайда БҰҰ ИЛИМ 2020 жылдың екінші жартысында қайта «жандандағын» хабарлады.

 

— Біз ИЛИМ мүшелерін киберкеңістікте де жеңуіміз, олардың кез келген шабуылына тойтарыс беруге дайын болуымыз керек. Біз ИЛИМ-нің аймақтардағы, әсіресе Африкадағы одақтастары төндіретін қаупімен күресуіміз керек. Біз ИЛИМ мүшелерінің, әсіресе Сирия мен Ирактағы лагерлердегі әйелдер мен балалардың мәселесін шұғыл түрде шешуіміз керек. Әйтпесе, біздің сәтсіздіктеріміз ИЛИМ-нің жандануына себеп болады, — деді Владимир Воронков ИЛИМ-ге қарсы күрес туралы баяндамасында.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова 

Поделиться

Нет комментариев.

28/05/2021 13:23
10749 0

Уведомление